Елордада алғаш рет Аналар фестивалі өтті
Елордада Аналар күніне орай Аналар фестивалі шымылдығын түрді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл айшықты шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда концерттік бағдарлама, сән көрсетілімі. шеберлік және тәрбие сағаттары болды. Сонымен қатар сан саланың мамандарынан тегін кеңес алуға арналған алаңдар жасақталған. Осы арқылы әйелдердің жеке және кәсіби тұрғыда дамуына, бала тәрбиесіндегі жаңашылдықтарға басымдық беріліп отыр. «Фестивальді енді дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған», - дейді ұйымдастырушылар.
Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
- Мемлекеттің басты мақсаты – әр отбасының әл-ауқатын арттыру, өскелең ұрпақтың, дені сау ұрпақтың одан әрі дамуына көптеген жағдай жасау. Сондай әлеуметтік жобалардың бірі осы – Аналар фестивалі. Мақсаты – аналар өзара пікір алмасу, білімдерімен бөлісу, балаларды қалай дұрыс тәрбиелеу жөнінде.
Айша Құрманғалиқызы, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі:
- «Руыңды түзегің келсе, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды түзегің келсе, қызыңды тәрбиелеә» деген даналық бар. Бұл тектен тек айтылмаған, өйкені ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербиелейді. Ана арқылы біз қоғамның көшін түзейміз. Ана мәдениетті болса, ұрпақ та мәдениетті болады. Сондықтан Аналар күніне ерекше мән беріп, ұрпақ мәселесіндегі көптеген мәселені шешеді деп ойлаймыз.