Жетісуда көлік қатынасын қиындатқан ең күрделі мәселе шешімін таба бастады

Жетісу облысында тұтас аймақтағы көлік қатынасын қиындатқан ең күрделі мәселе шешімін таба бастады.

Нақтырақ айтқанда, Сарыөзек кентінен Алтынемел асуына дейінгі республикалық маңыздағы жолдың құрылысы қолға алынды.

Аталған аралық ауыр жүк көліктеріне шыдас бермей әбден бүлініп кеткен еді. Өзекті проблеманы біздің арна тілшілері де бірнеше мәрте көтерді. Енді жергілікті билік өндірісті тұралатпайтын, жолды да бүлдірмейтіндей шешім қабылдаған.  

Алтынемел тауынан Сарыөзектегі цемент зауытына күндіз-түні шикізат тасымалданады. Толастамайтын ауыр техникалар күре жолдың асфальтын езіп, жолаушылардың барыс-келісін қиындатқан. 

Нұрбақыт Тоқтар, жүргізуші:

- Таксимін осы жолда. Жол осындай мінекей мәшине жүре алмайды.  Екі күнде бір дөңгелек ауыстырамыз. Қиын ғой жағдай. Сарыөзек пен Алтынемелге дейін ең қиын жол. 

Көкейкесті мәселеге қатысты жұмыстар 2023 жылы қолға алынды. Сол кезде Коңырөлең ауылы мен Алтынемелге дейінгі аралық жөнделді. Биыл Алтынемел асуынан Сарыөзек ауылына дейінгі жолға жаңа асфальт төселе бастады.

Дархан Болатжанұлы, жүргізуші:

- Көкталдан Алматыға бара жатырмын. Басында бетонкамен келдім. Жолды көрейікші деп қайтып бара жатқаным ғой. Әдемі мына жерге дейін жақсы жасапты.  

«Сарыөзек-Көктал» бағытының 45 шақырымын орташа жөндеуге 7 млрд теңге қарастырылып отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, келесі жылы пайдалануға беріледі. Жергілікті әкімдік жаңадан төселген асафльт жолды жүк көліктерінің қайта бүлдірмеуі үшін тиісті шешім қабылдаған.  

Асхат Сейдахметов, Кербұлақ аудандық ТКШ, ЖК, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы: 

- Аудан тарапынан Сарыөзек-Көктал автожолы маңынан техникалық жол салуға жер бөлініп, бүгінгі таңда жұмыстар атқарылуда. Бұл өз кезегінде негізгі жол қауіпсіз болады. скл жол бүлінбейді. Себебі екі кәсіпорынның 200 жол көлігі техникалық жолмен жүреді. Техникалық жол жылдың аяғына шейін аяқтау жоспарлануда. 

Биыл Сарыөзек-Көктал бағытынан Айдарлыға дейінгі аралық жөнделеді. Сарыөзектің айналма жолы да қайта салынып көпірі мен су құбырлары жаңартылады. 

Жасұлан Қалтаев, "Қазавтожол" ҰҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Қоңырөлеңнен Көкталға дейін 67 шақырым жол учаскесі бар. Сарыөзек Көктал арқылы. Жалпы жобаның құны 6,9 млрд теңгені құрайды. 2024 жылдың үшінші тоқсанында басталғантұғын ағымдағы жылы толық пайдалануға беру жоспарланған. Қазір жұмыстар жүрігізіліп жатыр. 

Сонымен қатар «Алматы-Өскемен» автомагистралінің Алматы облысынан Сарыөзек кентіне дейінгі аралығының бүлінген жерлері қайта жасалады. Жалпы биыл Жетісу облысындағы республикалық маңыздағы жолдың 169 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев