Елімізде «Игроманка» фильмінің жабық көрсетілімі өтті
Қоғамдағы ащы шындықты бейнелейтін «Игроманка» фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Бұл әлеуметтік драма. Құмар ойынының құрсауында қалған ананың таңдау жасауына тура келеді. Оң шешім қабылдауына көзқарасы көпшіліктен бөлек маман көмектеседі. Осылайша, шығармашылық ұжым Жұлдыз есімді кейіпкер арқылы қоғамдағы өзекті мәселені көтерген. Құмар ойын құрдымға құлатады. Тағдырлар талқандалып, қылмыс артып, қарыздар қаптайды. Картина режиссері – Алдияр Байракимов. Басты рөлді жерлесіміз, бірақ бүгінде еуропалық актриса ретінде танылып жүрген Гузель Жан ойнайды. Фильм мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
Алдияр Байракимов, режиссер:
- Бізде ресми дерек бойынша лудоманияға тәуелді 500 мың адам тіркелген. Ал, бейресми тіптен көп. Былайша айтсақ, отбасылардың басым бөлігінде кездесетін дерт. Құмар ойынның қоғам үшін үлкен кесел екенін түсіндіруге, көрсетуге мүмкіндік туғандықтан, осындай фильм түсіріп шықтық. Ерекшелігі, бұндағы басты кейіпкер әйел адам. Әйелдер арасында да ойынға тәуелділік жеткілікті. Және бұл қатермен күресуге, жеңуге болады. Міне, негізгі идея – құмар ойыннан сақтандыру, одан арылу.