21 мамырдан бастап қайтарымсыз грантқа өтініш қабылдау басталады
21 мамырдан бастап шағын бизнес иелеріне қайтарымсыз грантқа өтініш қабылдау басталады, деп хабарлайды 24kz.
Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл шамамен 1,5 миллион теңге. Мұндағы мақсат – кәсіп ашып, өз ісін бастағысы келетін азаматтарды қолдау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мұрындық болуымен қолға алынған жобаға биыл 9 мың грант бөлініп отыр. Грантқа халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы жанұяның мүшелері, қамқоршысынан айырылған азаматтар және қандастар мен қоныс аударушылар үміткер бола алады. Қатысушы жұмыссыз ретінде тіркелген немесе кәсіп ашқанына 3 жыл толмаған жеке кәсіпкер болуы шарт. Сондай-ақ «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негізі бойынша сертификаты да болуы қажет.
***
Қайтарымсыз грантқа кімдер үміткер бола алады?
- Аз қамтылған отбасы мүшелері
- Мүмкіндігі шектеулі азаматтар
- Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар
- Көпбалалы отбасы мүшелері
- Қамқоршысынан айырылғаны бойынша жәрдемақы алатын азаматтар
- Қандастар
- Басқа өңірден қоныс аударушылар
- Жұмыссыз ретінде тіркелген немесе кәсіп ашқанына 3 жыл толмаған жеке кәсіпкер
- «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негізі бойынша сертификаты бар азаматтар
Жадыра Оразбаева, халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Өздерінің бизнес жоспарына сәйкес техникалық құрал-жабдықтарды, еңбек құралдарын, мал, көшеттерді және коммерциялық орындарда жалға алуға шығындарды өтеуге бұл қаражатты қолдануға болады. Комиссияның шешімі негізінде берілетіндіктен, яғни, бұл ауданда және қалаларда құрылған комиссиялар. Өздерінің жергілікті жердегі қандай салаға басымдық беру туралы сол комиссия шешеді. Ең бастысы, Business.enbek.kz порталына тіркелу қажет. Жалпы гранттар 2018 жылдан беріліп отыр.