Қызылордада «Жас құтқарушы» клубына 1800-ге жуық оқушы мүше болды

Қауіпсіздік бағытындағы бұл жоба аясында мектеп оқушылары құтқарушы мамандығының қыр-сырын меңгеріп, оқыс жағдайлар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйренуде, деп хабарлайды 24kz.

Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат –  жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда өңірде шомылу маусымы басталмай жатып суға бату фактісі тіркелді. Өкінішке қарай бір бала ажал құшты. Сонымен қатар бес ата-анаға баласын су жағасына қараусыз жібергені үшін әкімшілік айыппұл салынған.Қауіпсіздік шаралары шеңберінде мектептерде интерактивті сабақтар өткізілуде. Бұған қоса, еріктілер қауіпті аймақтарда рейдтік шараларға белсене атсалысып жүр. Мамандар ата-аналарды жазғы уақытта балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Гафур Ақмырзаев ТЖД басқармасы басшысының м.а.:

- Сондай-ақ түнгі рейдтер бізде, әсіресе, балалардың түнгі уақытта ересектердің ішімдік ішіп, су айдындарына бару фактілерінің алдын алу мақсатында түнгі рейдтер күнделікті жүргізілуде. Суға шомылу басталар алдында 225 ерікті жұмылдырылған, осы біздің рейд шараларына. Олардың да пайдасы өте көп. Белгіленбеген коммуналдық жағажайлардан басқа су айдындарының барлығы қауіпті болып есептеледі.