«Қабырғалар сынып жатыр». Петропавлда жаңа үйдің сапасы сын көтермейді
Петропавлда әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін салынған көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды 24KZ. «Жаңа қоныстың жертөлесі көктем сайын суға толып, іргетасы бүліне бастаған», – дейді тұрғындар. Шатырдан су сорғалап, қабырғалар дымқыл тартып тұр.
Көпбалалы Тәттігүл Бимақанованың бұл 5 жыл бойы кезекте тұрып алған пәтері. Оның айтуынша, үйдің кем-кетігі көп. Қонақ бөлменің төбе сылағы түсіп, терезе әйнегі шытынап кеткен.
Тәттігүл Бимақанова, қала тұрғыны:
- Төбелер түсті осылай. «Сырость», дымқыл болып жатыр. Жағымсыз иістер болады көктем болған сайын. «Унитаз» бәрі «трещина» болды. Жолдасым өзі ауыстырып, өзі істеп жатыр. Өйткені көмек сұраймыз, біреуі де келмейді.
Бұл үй 2023 жылдың желтоқсанында тапсырылған. «Мәселелер сол кезден басталды», – дейді тұрғындар. Ең алдымен олар бір жарым айдан пәтер кілтін ала алмай жүрген. Ал қоныстойын тойлағаннан кейін басқа да былықтары шыққан.
Бұл үй жетімдер, жалғызілікті аналар, мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге арналып салынды. Бәрінің айтары бір – жаңа қоныста тұру мүмкін емес.
Раушан Малдыбаева, қала тұрғыны:
- «Подвалдың» ішінде су тұр. Жыл сайын. Міне, екінші жыл тұрып жатырмыз. Су толып тұр. Ешқайда кетпей жатыр. Есік алдында су. Бүкілі түсіп жатыр. Бүкіл қабырғалар сынып жатыр. Біз әлі ремонт істегеніміз жоқ. Есіктер жабылмайды дұрыс.
Жаңа үйдің шатыры да сын көтермейді. Жаңбыр жауса, төбеден су сорғалап, пәтер қабырғаларын дымқыл тартқан.
Данияр Жаманқұлов, қала тұрғыны:
- Қатты жаңбыр жауады, бізден су ағады 3-ші қабаттан. Мына жарықтардың барлығын қараңыздар, кешке таман біреуі жанса, біреуі жанбайды. Мен былай айтсам да болады. Ақшасын жеп те қойған. Жегенде де, жақсылап жеген.
Бұл шағынауданда дәл осындай 6 жалдамалы-коммуналдық үй бар. Олардың құрылысына бюджеттен 7 млрд теңге бөлінді. Қалалық әкімдік мердігер ұйымға ешқандай кінә артып отырған жоқ.
Әсем Айтолова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі кезде жаңағы ТОО «Жилищная служба» ол жерде су соры жұмыстарын атқарып жатыр. Ауа райы дұрысталғаннан кейін жертөле мәселесін олар қайта қарап жөндейді. Жертөле, жаңағы пәтерлер, жаңағы шатыры дейміз, сол үйдің, соның барлығын жаңағы ауа райы неткеннен кейін олар жасайды. Оның барлығы жоспарда бар.
Тұрғындардың алаңдайтындай жөні бар. Себебі жаңа үйдің кепілдік мерзімі биыл аяқталады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков