Ұлттық құндылықты дәріптеген отбасы

«Мақта қыз бен Мысық» ертегісі жасанды интеллект арқылы қайта түрленді.

Елордалық жас отбасы оны қазақы нақыш енгізе отырып мультфильм етіп шығарған. Бұл ғана емес, осы ЖИ көмегімен отбасы құндылықтары, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын қазақша контент те таратып жүр. 

Елордалық Әбуасқар  мен Дәмелі көп баланың ата-анасы атанғалы бала тәрбиесіне ерекше мән бере бастаған. Әуелі балаларының ютубқа телміргеніне алаңдады. Ондағы «жалт-жұлт» еткен бейнелердің мағынасын бала түгілі үлкеннің түсіне қоюы неғайбыл еді. Ойлана келе, қазақша контентті өздері жасауды жөн көріпті. Осылайша «Мақтақыз бен Мысық» ертегісінен мульфильм жасап шығарды. Қазір Ютубта әжептәуір қаралым  жинап үлгерген.

Әбуасқар Мекеш, журналист:

- Қазақша контент жасап балаларды қызықтыратын деген ой болды Өзіміз мультипликатор,суретші емеспіз. Құрал болмады қиял болды. Өмірімізге жасанды интеллект еніп жатыр ғой. Соны осы салаға пайдаланып көрсек дедік. Озвучкасын отбасым әулетіміз, аға-әпкелерімнің өзіміздің балаларды қатыстырып анимацияға қойып жатырмыз. 

Жас отбасы бұнымен тоқтамақ емес. Болашақта осы жасанды интеллектіні барынша меңгеріп, қазақ ертегілері, аңыз әңгімелер мен шешендік сөздерді тыңнан түрлендірмек. Ұлттық құндылықтарымызды   комикс, мультфильм ретінде жарыққа шығарсақ, - дейді.

Дәмелі Құсман, көп балалы ана:

- Қазір ұлттық рухты көтеретін қысқа рилстық контенттерде жасап жатырмыз. Қазақтың исі аңқып тұрса болды біз үшін. «Мақта қыз бен Мысық» ертегісін алатын болсақ бұл жерде бәрі біздің өз балаларымыздың прототипі. Мақта қыз – Айзере қызымыздың суретін Дисней стилінде жасадық. 

Отбасын - басты құндылығым деп түйген жанұя,  ұлттық дәстүр мен ғұрпымызға ерекше мән береді. Балалары да салтқа «шекеден» қарамайды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету санасына әбден сіңген. Оны осы үйдің қазынасы – ақсақал атамыз мақтана айтып отыр.

Мекеш Тәліпұлы, зейнеткер:

- Негізгі тәрбие отбасынан. Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Сол отбасының тәрбиесіне байланысты деген сөз. Біз екеуміз де көп балал отбасынан шыққанбыз. Білгенімізше қазақтың салт-дәстүрі, тәрбиесін үйретіп отырамыз. Ертегі айтамыз, ұлттық ойындарды асық қағу, дойбы-шахмат ойындарын үйретеміз. 

«Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы­­ның кепілі». Отанды сүю, отбасына құрмет сынды рухани құндылық жанұядан басталады. Ал осы құндылықтарды дәріптеп жүрген астаналық Әбуасқар мен Дәмелінің жасап жүрген ісі көпке үлгі болары сөзсіз. 

Айнұр Қуатқызы, Мадияр Қындыбаев