Қостанай облысында биыл 5,1 млн гектардан өнім алу жоспарланып отыр

Келер жылы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі артады. Бұл туралы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.

«Біз өзімізді негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуіміз керек», - деді Үкімет басшысы. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау 10 есе өсті. Бірақ саланың жалпы ішкі өнімі шамамен 4%-ті құрайды. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс қарқынды жалғасады.

Айта кетейік, Қостанай облысы биыл 5,1 млн гектар алқаптан өнім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,2 млн гектарға егіледі. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар және жем-шөп дақылдарының үлесі артып келеді. Аймақта ауыл шаруашылығы құрылымдарына 91,5 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Сондай-ақ салада құны 52 млрд теңге 36 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Бұл 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.