Қарағандыдағы апаттар медицинасының мамандары былтыр 800 адамды құтқарды
Биыл Қарағандыдағы апаттар медицинасы орталығының құрылғанына 15 жыл. Мұндағы мамандар күніне орта есеппен үш шақыртуға барады, деп хабарлайды 24kz.
Талай адамның өмірін ажалдан арашалап қалған дәрігердің бірі – Алмагүл Алдабекова. Ол көптеген күрделі құтқару операцияларында шеберлігімен танылды. Ал отбасында 4 баланы тәрбиелеп жүрген аяулы ана.
Қандай төтенше жағдай болмасын апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмысына мұқият, моральдық-психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Олардың басты міндеті – зардап шеккендердің өмірін сақтап қалу. Қайғылы жағдайларды жүректен өткізу, салқынқанды болу әркімге оңай емес. Алмагүл Алдабекова осы қасиеттерге ие білікті дәрігер.
Алмагүл Алдабекова, Апаттар медицинасы орталығы шұғыл әрекет ету бригадасының дәрігері:
- Төтенше жағдайларға жиі шығамыз. Ол кезде бізге сабырлы болу керек, жұмысты өте тез жасау керек. Енді ол кезде біз не ойлаймыз? Адамды аман алып қалу керекпіз. Біз әр шығуымызды ойлап отырамыз алаңдап. Өйткені біз білмейміз не күтіп тұрғанын.
Алмагүлдің бригадасы Майқұдық саябағындағы «Қауіпсіз жаз» акциясына қатысты. Мұнда балаларға өрт, суға бату және өзге де ықтимал қауіптер туралы жан-жақты түсіндірді. Бірақ шара барысында күтпеген жағдай болды. Сол жерде аптап ыстықта ойнап басынан күн өткен балақайға Алмагүлдің шұғыл көмегі қажет болды.
Бұл салада 6 жыл бойы еңбек етіп жүрген Алмагүл 2023 жылы Түркияда болған алапат жер сілкінісінде құтқару операциясына қатысты. Сол үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Тоғжан Ералиева, Апаттар медицинасы орталығы шұғыл әрекет ету бригадасының психологы:
- Алмагүл Амангелдіқызы өте білікті маман, жұмысына жауапты адам деп айта аламын. Ұжымда құрметке ие. Төрт баланың анасы. Өмірде қарапайым, кәсіпте өте шебер маман деп айта аламын.
Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерді құтқару жұмыстарына мына Гриня атты итте де қатысты. «Қазір әбден сенімді серігімізге айналып кетті», - дейді Алмагүл. Маңайына жылылық танытып жүретін ақжарқын жан ұжымда зор сый-құрметке ие.
Алмагүл Алдабекова, Апаттар медицинасы орталығы шұғыл әрекет ету бригадасының дәрігері:
- Енді осындай жұмыс жасау үшін менің отбасым өте жақсы көмектеседі. Өйткені екі анам бар. Олар көмектеседі маған балаларды тәрбиелеуге. Жолдасым өзі әскери қызметте болғаннан кейін ол түсінеді.
Апаттар медицинасы орталығының Қарағанды филиалында 90 адам жұмыс істейді. Дәрігерлер, фельдшерлер мен психологтар төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге тас-түйін дайын болуы керек. Былтыр бригадалар 700-дей құтқару жұмысына қатысып, 800 адамға алғашқы жәрдем көрсетті.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит