Астанада алғаш рет Қазақстан – Қытай бірінші көлік форумы өтті
Алматы мен Сиань арасында жолаушылар пойызы жүреді, деп хабарлайды 24kz.
Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстері саны аптасына 65-ке дейін артып, Қытаймен шекарада екі жаңа көлік өткізу пунктін ашу жоспарлануда. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан – Қытай бірінші көлік форумында айтылды. Форумды Қазақстан мен Қытай көлік министрлері Марат Қарабаев пен Лю Вэй ашты. Тараптар көлік ынтымақтастығын белсенді дамыту ниетін растап, негізгі бағыттар бойынша уағдаласты. Атап айтқанда, Ертіс трансшекаралық өзенін пайдаланып, Ресей – Қазақстан – Қытай мультимодальды транзиттік дәлізін құру, «Майқапшағай – Зимұнай» жаңа шекара көпірін салу жайы талқыланды. Сондай-ақ елдер арасында үшінші әуе дәлізін ашу мәселесі қарастырылған. Форумда SPG Циндао порттары тобы мен қазақстандық Құрық порты арасында меморандумға қол қойылды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Бұл бір реттік шара емес, форум жыл сайын болады деп келістік. Мұнда тіркелген тасымалдау көлемін атап өткеніміз маңызды. Яғни, Циндао порттарынан тауарларды біздің порттарға жіберу және порт мүмкіндіктерін басқару саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл ең алдымен бізге Қытайдан жүк айналымын және біздің территория бойынша транзитті береді. Негізгі мақсат – Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүктерді тасымалдау. Екі ел арасындағы құжат осыған негізделген.