Ақтөбе облысында мыңдаған киік егістікті таптап кетті
Ақтөбелік диқандарға киіктер дамыл бермей тұр, деп хабарлайды 24KZ. Ауылдағы ағайынның еңбегін еш кетірмеу үшін «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің инспекторлары алқаптарды күзетіп жүр. Киіктің киесі бар болғанымен, жердің иесі бар. Шаруалар: «Ақбөкенге тосқауыл болар кешенді шара керек», – дейді.
7 мыңға жуық киік дәл осы алқаптағы 400 гектар бидайды таптап өткен. Шаруа қожалығының жұмысшылары: «Екі тәулік бойы арпалыстық», – дейді.
Ақбөкендер жанындағы 600 гектар көпжылдық еркекшөп алқабын да жайпап кетіпті. Шаруа қожалығының басшысы Александр Чемодановтың айтуынша, мұндай жағдай соңғы жылдары жиі қайталанады. «Сондықтан билік нақты шара қолдануы керек», – дейді.
Александр Чемоданов, шаруа қожалығының директоры:
- 2023 жылы киіктен 80-90 млн теңге шығын келді. Биыл тағы кесірін көріп отырмыз. Мына алқапта ештеңе шықпайды. 50 тонна дән ектік, 6 млн теңгеге жанармай сатып алдық. Бір алқаптың өзіне 7-8 млн теңге жұмсадық. Сондықтан үкіметтен киік санын реттеуді өтінеміз. Себебі астықсыз қалар түріміз бар.
Қазір шаруашылықтың басшысы да, жұмысшысы да егістікті қоруға шыққан. Оларға «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің 15 маманы көмекке келді. Инспекторлар күні-түні дала кезіп, киік үйірін бағып жүр.
Шоқан Ақылбеков, «Охотзоопром» РМҚК мекемесі Маңғыстау тірек бекетінің аға инспекторы:
- Осы жерде Ырғыз тірек бекеті, Шалқар тірек бекеті, соынмен қатар қосымша көмек ретінде Маңғыстау тірек бекетінің инспекторлары жұмылдырылып, қазіргі таңда камаз автотехникалары, джип автокөліктері, сонымен қатар мотокөліктермен қамтамасыз етіліп, жоспар бойынша белгіленген жерлер бар. Сол жерлерге автокөліктерімізді қойып, киіктің келеді-ау деген бағыттарын алдын алып, яғни бағытын өзгертіп, қорғау күзет жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«ОхотЗооПром» инспекторлары кезекшіліктен тыс уақытта дәл осындай жылжымалы баспаналарда тынығады. Мұнда жатын орындары және де асханасы бар. Әрбір инспектор 15 күн осылай иен далаға кезекшілікке шығады.
Қорықшылардың қазір жұмысы қауырт. Мыңғыраған дала жануарынан егін алқаптарын торуылдаумен қатар ақбөкеннің жайылымдарын да бақылау қажет. Себебі Құралай салқыны жетіп, киік төлдей бастады. Әйтеке би ауданындағы инспекторлармен бірге біз де бірнеше қыр астық. Түске дейін 25-30 бастан құралған бөкеннің шағын үйірлерін кезіктірсек, түс ауа Қарашатау жотасы деп аталатын жерде қарақұрым киікке тап болдық.
Қазбек Дадин, «Охотзоопром» РМҚК мекемесінің инспекторы:
- Қазір осы аумақта шамамен 10 мың бастай ақбөкен жүр. Осы маңайға лақтап жатқан болып тұр ғой. Ертең мына лақтары жүгіргеннен кейін орындарын ауыстырады.
Киіктің мына лағының дүниеге келгеніне санаулы күн ғана болған. Буыны әлі беки қоймаған. Аналығы жаңа ғана емізіп кетті. Қозғалмай жатуының тағы бір сыры, құралай осылайша түрлі жыртқыштардан бой тасалайды.
Бетпақдала киігі төлдеп, құралайын өруге Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ырғыз аудандарын таңдайды. Соңғы есеп бойынша бұл өңірде 250 мың бас болса, жалпы облыс аумағында 350 мың ақбөкен бар. Құралайы қосылған соң сайын дала еркесінің саны 500 мыңнан асып жығылады. Жалпы еліміз бойынша 4 млн астам ақбөкен бар. Алайда киік көбейген сайын егістікке қауіп көбейіп, шаруалардың уайымы да ұлғайды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов