Атырауда қоғамдық орындарды ластағандарға ₸65 млн айыппұл салынды
Атырауда биыл көше тазалығын сақтамаған тұрғындарға 65 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ. Қоғамдық орындарды ластаған екі мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер қаладағы көше тазалығын бейнебақылау камералары арқылы бақылайды. Заңды бұзғандарға әуелі ауызша ескерту беріледі. Ал қайталанған жағдайда келтірілген залал көлеміне қарай 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл белгіленеді.
Абзал Әліпқалиев, ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы өткізіліп жатыр. Аталған акцияның негізгі мақсаты – табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаны ластамау. Полиция департаменті жанынан экологиялық, әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында мобильдік топтар құрылып, рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.