Атырауда 24 көпқабатты үй салынып жатыр

Атырауда 5 қабатты 24 үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл мыңнан астам отбасы қала іргесіндегі «Талғайраң-спутник» қалашығына қоныстанады. Мұнда қазір 11 үй дайын тұр. Сонымен қатар газ, су, жылу құбырлары тартылып, жол салынып жатыр. Инженерлік желілер тамыз айына дейін пайдалануға беріледі.

«Талғайраң» қалашығына ауызсу мен газ құбыры толықтай тартылған. Қазір жұмысшылар жылу жүйесін жүргізіп, алаңдарға асфальт төсеуге кірісті. 45 мың шаршы метр алаң асфальталады.

Ерлан Қаржауов, жол учаскесінің басшысы:

- Қазіргі таңда 15 мың шаршы метр асфальт дайын тұр. Сонымен қатар 10 мың шаршы метрдің астыңғы қабаты алынып, ПГС төселуде. Жалпы стандарт бойынша 15 см ПГС, 15 см щебень және 10 см екі қабат 6 және 4 см асфальт түседі.

Құрылыс алаңында 4 мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Жоба бойынша «Талғайраң» қалашығында 70 көп қабатты үй салынады. Оның 24-і биыл пайдалануға беріледі. Қазір 11 көп қабатты үй дайын.

Нұрболат Бөлеков, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Қалған 13 үйдің құрылысын осы 2025 жылдың аяғына дейін тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар қазір абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол алаңішілік абаттандыру жұмыстары дейді. Оның да құрылысы толықтай жүріп жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Өткен наурыз айынды Талғайраңда 900 орындық мектеп-үйі пайдалануға берілген болатын. Енді 290 балаға арналған балабақша құрылысы басталмақ. Жалпы қалашық үшін басты проблема қазір қалып тұрған кәріз жүйесі еді. Сондықтан қалашықтан орталық кәріз жүйесіне 22 шақырымдық құбыр тартылады.

Биыл Атырау қаласы бойынша 3 мың пәтер пайдалануға берілуі тиіс. Оның 1080-і осы «Талғайраңда». Жалпы облыс орталығында 20 мыңға жуық отбасы пәтер кезегінде тұр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин