Семейде масамен күрес күшейді
Улау жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.
Қансорғыш көп шоғырланған жерлер басты назарда. Биыл күн әдеттегіден ерте жылынды. Бұл шыбын-шіркейдің де ерте оянуына себеп болды -дейді жауаптылар. Әсіресе, қала іргесіндегі ауыл тұрғындарының мазасы қашты.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Старая крепость кентіне келгеніме жарты сағат болды. Осы аралықта масаға таланып қалдым. Жаз басталмай жатып, масалар Семей тұрғындарының мазасын қашырды. Зиянкестерден қорғану үшін тұрғындар түрлі спрейлер мен жақпамайларды қолданады. Бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ.
Александр Титов 20 жылдан бері осы ауылда тұрады. Айтуынша, биыл маса көбейіп кеткен. Оның себебі, күннің күрт жылынуынан болуы мүмкін дейді. Бау-бақшасын күтіп-баптауға арнайы киіммен шығады. Әйтпесе қансорғыш талап тастайды.
Александр Титов, ауыл тұрғыны:
- Көктем әр жылы әртүрлі келеді. Биыл жаз ерте басталды. Мамандар соған қарап жағдайды бақылауы керек қой. Тезірек улап, жағдай жақсарса екен дейміз.
Әсіресе сулы, саялы жерде маса өте көп. Тұрғындар кешкі салқында серуендеуден қалдық дейді.
БЛИЦ:
- Сағат жетіден кейін всегда болады. Біз футболкамен жүреміз мысалы. Маса кедергі жасайды негізі.
- Желсіз күндерде маса тіпті көп болады. Жабысып қалады үстіңе. Спрейлер де көмектеспейді.
Мазаны қашырған масаны улауға биыл 70 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жауаптылар масаны жою үшін,бар күшімізді салып жатырмыз дейді. Күн ысығалы бірнеше рет улау жұмысы жүргізілген. Шағым түскен аудандар мен адам аяғы көп жүретін орындар басты назарда.
Рустам Айтқұлов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Біз кеше лабороториямен сөйлестік. Ағаштың қабықтарында, үйдің подвалдарында қыста ұйықтап қалған масалар осылай шығады екен. Жаз басталған кезде. Біз енді бірнеше этаптан өттік деп отырмын ғой. Поймаларды жойдық. Жалоба жасап жатқан жерлерге жіберіп жатырмыз.
Қанша уласа да масаның тұқымын жою мүмкін емес-дейді мамандар. Бірақ тұрғындардың алаңсыз серуендеуіне жағдай жасау үшін, қансорғышпен күрес жалғаса бермек.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов