Ақтөбе облысында 10 ауыл таза суға қол жеткізеді

Биыл Ақтөбе облысында 10 ауыл таза суға қол жеткізеді, деп хабарлайды 24KZ. Дегенмен су мәселесі кейбір елді мекендерде ұзақ жылдан бері шешілмей келеді. Әсіресе Әйтеке би ауданындағы жағдай алаңдатарлық. Мұндағы үш бірдей ауыл ұзақ уақыт бойы тіршілік нәрін күтіп жүр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жоба қабылданғанымен, мердігер компаниялар құрылыс жұмыстарын дер кезінде жүргізбеген. Мемлекеттік тапсырысты орындауы тиіс мекемелер жұмысты созбалаңға салып, міндетке атүсті қараған.

Әйтеке би ауданының Белқопа ауылында ауызсу желісінің құрылысы 2022 жылы басталды. Мердігер 50 үйге құбыр тартып, құдықтарын орнатқан. Бірақ жұмысты жарты жолдан тоқтатып, аяқтамай кетті. Елді мекен халқы ауызсуды әлі күнге дейін құдықтан тасып ішуге мәжбүр.

Ақбота Түбітбай, Белқопа ауылының тұрғыны:

- Екі рет келемін күніне. Кір жусам, 3-4 рет келемін. Балалармен осылай. Қиындау. Тұщы суды осы жерден аламыз. Үйдің қасындағы құдық бар. Содан аламыз ащы суды. Ол ащылау.

Аудандық әкімдік өкілдері мердігерді сотқа беріп, жобаны басқа мекемеге жүктеген. Құрылыс алдағы шілде айына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, Ұлғайсын мен Аққұм ауылдарына да орталық ауызсу желісі салынып жатыр. Үш елді мекенге бюджеттен 900 млн теңге қаражат бөлінген.

Аслан Ермағамбетов, Әйтеке би аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Әйтеке би ауданында жалпы 27 елді мекен бар. 20 мыңға жуық халық саны бар. Оның 24 елді мекенінде сумен қамтамасыз етілген. Яғни қазіргі таңда 3 елді мекенде су құбырлары желілерінің жұмыстары жүріп жатыр. Осы ауылдарды қамтыған уақытта 95-98% қамтылады.

Жалпы Ақтөбе облысындағы 319 елді мекеннің 291-інде орталық ауызсу желісі бар. Биыл Әйтеке биден бөлек Хромтау, Байғанин, Ойын аудандарына қарасты 10 ауылға құбыр тартылады.

Серік Дәулетов, Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Аталған жобалар 2022-2023 жылдары басталып, осы 2025 жылдың соңына дейін аяқталу жоспарланып отыр. Аталған жобаларға бюджеттен 610 млн теңге қаражат бөлінді.

Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100% таза ауызсумен қамтуды тапсырған болатын. Ақтөбе облысында биылға жоспарланған жобалар жүзеге асқан соң бұл көрсеткіш 95% жуықтайды. Қалған 18 елді мекен тұрғындары орталық су желісінен де, блокті модульден де бас тартқан. Бұл ауылдардың халқы санитарлық нормаларға сай келетін су ұңғымаларын пайдаланып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов