Арқалық жастары патриоттық акция өткізді

«Өркендей бер, туған өлкем». Осындай атаумен Арқалық қаласының жастары патриоттық акция өткізді. Жергілікті университет пен колледж студенттері орталық саябақта жалынды сөздер жазылған плакаттар ұстап, ұрандатып, шеру жасап өтті. Сахна төрінде өңірді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдірген тілек-лебіздер айтылып, ән-жырдан шашу шашылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арқалықта әуежай, орталық пен батысты байланыстыратын тасжол салынады деген хабарды әсіресе студенттер қауымы қуана қабылдады. Оның бір себебі жергілікті университет пен төрт колледжде оқитын жастардың дені өзге өңірлерден.

Досбол Нұриденов, Арқалық педагогикалық университетінің студенті:

- Біздің университетте 80%-і – шет облыстардан келген студенттер. Жолдың салынуы ол батыстағы студенттердің үйіне жылдам әрі тез жетуіне өзінің септігін тигізеді. Ал аэропорттың салынуы ол Алматы, Астана, Шымкент қалаларына жылдам баруымызға үлкен мүмкіндік береді.

Патриоттық акцияға 250-ден астам студент жастар қатысты.

Данияр Қожахметов, Арқалық қаласы жастар ресурсы орталығының директоры:

- Кеше ғана Үкімет басшысы келіп кеткен болатын. Сол кісі мерзімін қысқартып, бір айдың көлемінде жолдың басталатындығын айтқан болатын. Біздің қала халқы бөрігін аспанға атып, осындай жастар өзінің жылы лебізін, рахметін білдіру мақсатында үлкен орталық саябақта акция ұйымдастырып жатқан жайымыз бар.

Патриоттық іс-шараны тамашалаған ақсақалдар, аға буын өкілдері жастарға алғыстарын білдіріп, баталарын берді. Көптің ойы жаңа жобалар өңірдің дамуына тың серпін деген пікірде тоғысып жатты.

Сағидолла Байгенжин, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Бұл жол басталып салынса, біздің аймақ, Торғай аймағы үлкен жетістерге жетеді деп ойлаймын. Былай айтқанда, бұл Торғай аймағына екінші тыныс берді деп айтуға болады.

Патриоттық акцияның соңы жастардың би кешіне ұласты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг