«Талдықорған-Үшарал» газ құбырының желілік бөлігін салу аяқталды
Жетісу облысында «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының желілік бөлігін салу жұмыстары аяқталды.
Қазір желі бойында көгілдір отынды елдімекендерге тарататын станциялар салынып жатыр. 124 мың тұрғынды табиғи газбен қамтитын ауқымды жоба, былтыр премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен басталды. Қысы-жазы тоқтаусыз жүргізілген жұмыс барысын «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов тексерді. Ол Президент тапсырмасымен қолға алынған жоба мерзімінен бұрын аяқталатынын жеткізді.
«Талдықорған-Үшарал» магистральді құбырының бойында 6 автоматты газ тарату станциясы салынып жатыр. Соның бірі Ақсу ауданы Ілияс Жансүгіров ауылының маңында тұрғызылды.
Руслан Сүйіндіков, «Интергаз Орталық Азия» АҚ филиалының директоры:
- Август, сентябрь айында толық жұмыстарды бітіріп, испытанияға кірісіп, күзгі қысқы мерзімге дейін газ беруге тырысамыз. Бұның қуаттылығы 11 мың текше метр сағатына есептелген. Жоба бойынша қажеттілігін толық жабады.
Мемлекеттік деңгейдегі маңызды жобаға 150 шақты техника, 350-ден аса адам жұмылдырылған. "QazaqGaz" ұлттық компаниясы, облыстық әкімдік пен мердігердің бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде құрылыс мерзімінен бұрын аяқталады. Оған облыс әкімдігінен бөлек, ҚР Энергетика министрлігі мен Самұрық-Қазына қоры қолдау білдірген.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Келісім-шарт бойынша бұл жобаның аяқталу кезеңі 2026 жылдың соңы еді. Алайда жобаның әлеуметтік экономикалық маңыздылығын ескере отырып "Қазақгаз" ұлттық компаниясы жұмысты екі есеге қарқындатты. Жалпы жоба кезектен тыс осы кестеден бір жарым жылға ерте тапсырылатын болады.
Қазір аймақ тұрғындарының 58 пайызы табиғи газ тұтынады. Жыл соңына дейін аталған көрсеткіш 71 процентке жеткізілмек.
Әсет Қанағатов, облыс әкімінің орынбасары:
- Талдықорғаннан бастап, Үшаралға дейінгі магистральді газ құбыры біткен кезде 84 елді мекен 124 мың халық көгілдір отынға қол жеткізетін болады.
Жетісу облысында 84 елді мекен газдандырылған. 2028 жылға дейін көгілдір отынға қосылған ауылдар санын 192-ге жеткізіп, халықтың тұрмыс-тіршлігін жақсарту жоспарланып отыр.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов