Ақмола облысының шаруалары көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті

Биыл аймақ диқандары 5,5 млн гектардан астам жерді игереді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір шаруалар 1,5 млн жерге дақыл сеуіп үлгерген. Жалпы өңірдегі егіс науқанына 37 мың техника тартылды.

Диқандар көктемгі дала жұмыстарын маусым айының басында аяқтауды көздеп отыр.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жарқайың ауданында көктемгі егіс науқанының қызған шағы. Диқандар қас қарайғанша жұмыс істеп, қолайлы ауа райын барынша пайдалануға тырысып жатыр. Сондай-ақ жергілікті шаруалар биыл майлы дақылдарға ерекше басымдық берген. Мысалы, Жарқайың ауданындағы мына серіктестік бірнеше жыл үзілістен кейін қайта зығыр шаруашылығын қолға алған.

Светлана Орехова, серіктестіктің бас агрономы:

- Биыл біз қайта зығыр егіп жатырмыз. Қыс бойы оны зерттеп, арнайы жоспар құрдық. Тек егіс уақытын белгілеу қиын болды. Сол себепті 5 мамырда 26 гектар алқапқа зығырдың алғашқы кезенің ектік. 10 мамырды екінші кезеңінін және 14 мамырда толығымен зығыр егісін аяқтадық. Енді нәтижесін күтеміз.

Аталмыш серіктестік биыл 15 мың гектар алқапқа дән егуді жоспарлап отыр. Бірақ зиянкестер мен құрғақшылықтан қауіптенеді. Сол себепті көктемгі дала жұмыстары аяқталысымен бірден осы мәселелердің алдын алу шараларына кіріседі.

Светлана Орехова, серіктестіктің бас агрономы:

- Егіс науқаны кезінде біз мол өнім жинауға үміттенеміз. Ол үшін алдағы қауіп-қатерлерді ескеру керек. Сондықтан біз агротехнологиялық шараларды күшейттік. Біріншіден, құрғақшылыққа төзімді тұқым дайындадық. Ал, шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргіземіз.

Жалпы аймақта егінмен айналысатын ірілі-ұсақты 7 мыңнан астам шаруашылық бар. Биыл оларға мемлекет тарапынан 76 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.

Ренат Қасенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір егіс науқанына ешқандай қиындық жоқ. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Биыл көктемгі дала жұмыстарына мемлекеттен 100 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржы уақытында шаруаларға үлестірілді.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Ақмола облысы – аграрлы аймақтың бірі. Оған себеп елімізде өсірілетін бидайдың 25% өңір диқандарының үлесінде. Мысалы, былтыр аймақ шаруалары алты жарым миллион тонна астық жинады. Биыл да диқандар сол межені бағындыруды көздеп отыр

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко