«Балқадиша» әнімен танылған атыраулық спортшы жұртты сүйсіндірді
Атыраулық спортшы жаттығу залында Ақан Серінің «Балқадиша» әнін шырқап, танымал болды, деп хабарлайды 24kz.
Бәстен жеңіліп, қатарластарының қолқалауымен әуелете ән айтқан 14 жастағы Иса Бекболаттың бейнежазбасы бір күннің ішінде миллионға жуық қаралым жинаған.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бұл – Исаның әлеуметтік желіде көпті сүйсіндірген бейнежазбасы. Бапкері осы тамаша сәтті таспалап, желіге жүктеген. Осылайша, бір күн ішінде танымал боп шыға келді. Иса Бекболат үйінің ортаншысы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген таланатты бала өнерге кішкентайынан бейім. Бос уақытында үйінде әкесімен қосылып ән шырқайды.
Ілияс Бекболатұлы, Исаның әкесі:
- Жақсы жаңалықты айтқанда, басында қуануға шыны керек, ата-ана ретінде мен қорықтым. Тіл-көз деген бар ғой. Сол жағынан қатты алаңдадым. Содан соң жәймендеп сабама келдім. Қуаныштымын. Бұйырса, спорт жағына ма, әлде өнер жағынан кете ме, өзі таңдауы болады.
Талантты жас түрлі өнер додасында топ жарып жүр. Қазақтың дәстүрлі әндерін шырқағанды ұнатады. Музыка пәнінің мұғалімі Эльмира Қайрошева Исаның бойындағы өнерін бірден байқаған. Қазір жол көрсетіп, жөн сілтеп жүр.
Эльмира Қайрошева, музыка пәнінің мұғалімі:
- Бос уақытында маған үйіме келіп тұрады. Апай бөлек жұмыстан тыс уақытта, кешкілікте ән айтқым келіп бара жатыр деп. Бірге ән шырқаймыз сөйтіп.
Иса – өнермен қатар спортты да жанына серік еткен бала. Исаның бапкері жаттығу залында ән айтқан бейнежазбаны желіге жүктеп, танымал болуына жол ашқан. Осылайша, жас өнерпаздың әні көпті сүйсіндірді.
Хан Кенжетаев, Исаның досы:
- Иса жаттығудан кейін бізге демалдырып ән айтып береді. Сол бір ән айтқанын біздің ағайымыз желіге салып жіберіпті. Осындай досымның барына мақтанамын.
Иса Бекболат, жас өнерпаз:
- Күресті де, өнерді де алып жүргім келеді бірге. Алдағы уақытта мамандығым басқа болса да, екеуін де бірге алып жүргім келеді. Тастағым келмейді. Сабақ үлгерімім де жақсы, барлығына үлгеріп жатырмын. «Әкем айтады, жан-жақты бол, сонда жарып шығасың», - дейді.
Талантты жасқа бапкерлері домбыра сыйға тартып, сәттілік тіледі. Енді Иса Бекболат әлеуметтік желі арқылы замандастарына қазақтың төл өнерін дәріптеуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жанжос Рахметуллин