М. Әшімбаев Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесті
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысы тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлайды 24KZ. Өңірдегі мәслихат депутаттарымен өткен басқосуда азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар ол облыстың әлеуеті мен экономикалық өсу қарқынына назар аударды. Аймақтың өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Жастармен кездесу барысында өскелең ұрпақтың елді жаңғырту үдерісіндегі рөліне тоқталып өтті. Бұл орайда «Ұлттық қор – балаларға», «Болашақ», «Жастар», «Келешек» сынды мемлекеттік бағдарламалар дарынды жастардың әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді. Сапар барысында сенаторлар мүгедектігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен танысып, өңірдегі зауыттың жұмысшыларымен кездесті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтарды да айқындап берді. Мұның бәрі – әділетті, қауіпсіз, таза, қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді бастамалар. Президентіміз белгілеп берген осы міндеттерді іске асыру жолында мәслихат депутаттарымен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз.