Қазақстан сержанттары АҚШ-та өткен байқауда сәтті өнер көрсетті
Қазақстандық сержанттар АҚШ-та өткен Best warrior байқауында сәтті өнер көрсетіп, елге оралды. Атап өтсек, Аслан Дархан мен Рауан Тоқтарбеков 8 кезеңнен тұратын сайыста жауынгерлік фитнес пен тактикалық дайындықтан, топография мен жергілікті жерді патрульдеуден және түрлі қару-жарақтан оқ атып, ұзақ қашықтыққа жүгіруден сынға түсті. Нәтижесінде екеуі салмағы 12 келі болатын жүкпен 28 шақырымды 3 сағат 39 минутта бағындырып, ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ 2-сыныпты сержант Рауан Тоқтарбеков «Үздік атқыш» мәртебесін иеленді.
Рауан Тоқтарбеков, 18404 әскери бөлімінің сержанты:
- Жарыс жылдағыға қарағанда биыл өте күрделі болды. Өйткені шетелден 5 мемлекет және Американың өзінен 7 штат қатысты. Олардың ішіндегі ең ауыры көпсалалы спорт түрлері көп болды. Соған қарамастан қазақ елінің туын жоғары ұстау біз үшін үлкен мәртебе болды.