Маңғыстау облысында қаржы пирамидасын құрған 7 адам қамауға алынды
Маңғыстау облысында Қаржылық мониторинг агентігінің департамент қызметкерлері қаржы пирамидасын құрған 7 адамды ұстады, деп хабарлайды 24kz.
Тағы 3 күдіктіге қатысты тергеу жалғасуда. Құзырлы орган дерегінше, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері салымшыларға өзін инвестициялық қордың иесі, сондай-ақ Африкада алмаз өндіру бойынша халықаралық жобаға қатысушысы ретінде таныстырған. Осылайша, бір мыңнан астам адамды алдау арқылы 9 млрд теңге заңсыз пайда тапқан. Алаяқтардың бұл қаражатты қымбат пәтерлерді сатып алып, шетелде демалуға жұмсағаны анықталды. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі жалпы құны 600 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Оның ішінде 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік, 10 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер, сондай-ақ «ForteBank» пен «Қазақстан Халық Банкіндегі» бағалы қағаздар бар. Күдікті ретінде Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам танылды. Олардың жетеуіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.