Шерзат ісі: сотталушылардан жауап алу аяқталды
Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот отырысында күдіктілерден жауап алу аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін басты сотталушы деп танылған Абзал Шынасыл бет-бейнесін тікелей эфирде көрсетуге келісімін беріп, болған жағдайды баяндады. Ол тергеу кезіндегі «Шерзатты пышақтадым» деген сөзінен бас тартты. «Қылмысты Шыңғыс Белғожаевпен ақылдасқаннан кейін мойныма алдым», - деді. Әрі Нұрғанат Гайпбаевты ұрғанын және оның жамбасына үш рет пышақ салғанын мойындады. Ал, жәбірленуші тарап жасөспірімнің қайтыс болуына Абзал Шынасылды кінәлі деп білетінін жеткізді. Сотталушылардың соңғысы болып Дидар Қалиахмет куәлік етті. Ол ешкімді ұрмағанын, пышақ алып шыққан Қаржаубайдың қолынан ұстап тоқтатқанын мәлімдеп, жедел жәрдем шақыртпағанына өкінетінін білдірді. Осылайша, 9 күдіктінің бәрінен жауап алынып болды. Процесс соңында тексеру хаттамалары оқылды. Прокурор Шерзаттың сол жақ қабырға тұсына 2-2,5 сантиметрлік өткір затпен жарақат жасалғанын айтты. Сондай-ақ пышақ, темір бәкі, мылтық табылып, айғақ зат ретінде тіркелгенін атап өтті.