Жайық жағалауын жөндеу жұмыстары басталды
Оралда Жайық жағалауын күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ. Өзен жағасындағы абаттандырылған аймақ көпке бармай бүлініп, 8 жыл бойы кепілдік мерзімі аясында мердігердің жөндеуімен келген. Енді құрылыс кезінде бұрынғы қателіктер ескеріліп, жағалау бір метрге дейін биіктетілмек.
Динагүл Мұратова өзен жағалауына келген сайын көңілі құлазиды. Себебі құлаған қыш тақталар мен тозығы жеткен тепкішектер, ойылған өрнектастар күтіп тұратын.
Динагүл Мұратова, қала тұрғыны:
- Су келген соң, су жеп, кафельдері түсіп қалды. Екі жыл солай тұрды. Енді біреулер алып, жасап жатыр. Жобасын көрдік, ойнайтын керемет алаң болады. Маған ұнады.
Жайық жағалауын абаттандыруға бюджеттен биыл 1,2 млрд теңге бөлінді. Құрылыс кезінде 12 жыл бұрынғы қателіктер болдырылмайды. Ескі жағалаудағы гранит тақталар жыл сайын су келгенде жайрап қалатын. Енді жағалау бір метрге дейін биіктетіледі. Қазір демонтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Шамиль Розаков, учаске бастығы:
- Қазір артық бетонның бәрін шығарып, орнына қыруар топырақ төгіп жатырмыз. Ең күрделісі – жағалауды көтеру. Кем дегенде 90 сантиметрге биіктетеміз. Сонда қатты тасқын кезінде жағалауды су баспайды. 10-15 күннен кейін өрнектас пен мәрмәр төсеуге кірісеміз.
Жайық жағасындағы абаттандырылатын аймақтың жалпы аумағы 2,7 гектар. Оның үштен бірі – көгалдар мен гүлзарлар. Спорт және ойын алаңдары салынады.
Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Қаланың бұрынғы архитекторларының және қала тұрғындарының өтінішін тыңдай келе жергілікті әкімдік аталған аумаққа жоба жасау туралы шешім қабылдады. Аталған уақытта демонтаж жұмыстары шегіне жетіп келеді. Қазіргі уақытта материал алып келу және тегістеу жұмыстары, планировка жұмыстары аяқталады. Содан кейін құрылыс басталады. Көп бөлігі жабынды төсеумен жабылған, жаяу жүргіншілерге арналған. Жағалауды абаттандыру жұмыстары алты айға созылады деп жоспарланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Э. Аюпов