Шымкентте 9700 оқушы тегін жазғы лагерьмен қамтылады

Шымкенттегі мектептердің 9700 оқушысы тегін жазғы лагерьмен қамтылады, деп хабарлайды 24KZ. Демалыс орындарына жолдама әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға және дарынды оқушыларға беріледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 759 миллион 400 мың теңге бөлінді. Ведомствоаралық комиссия тарапынан маусым алдында демалыс орындарының жай-күйі мен санитариялық-техникалық жағдайына бақылау жүргізіледі. Ал қалған оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін кәсіби бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының қыр-сырымен таныстыру қолға алынды.

Сонымен қатар мектеп жанынан құрылған клуб мүшелері тарихи-мәдени экскурсияларға шығып, түрлі іс-шараларға қатысады. Қосымша білім беру ұйымдарында шығармашылық және спорттық лагерьлер жұмыс істейді. Нәтижесінде аймақтағы оқушылардың 95% жазғы демалысын тиімді өткізбек.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- 8198 баланың әрқайсысына 75 мың теңге қарастырылған коммерциялық негізде демалатын болса, балалар үйінің балалары және дарынды 160 бала арнайы бөлінген қаржы бойынша демалады. Сондай-ақ бізге тиесілі «Ақсу» легеріне 1200 баланы бір бала үшін 43 248 теңге көлемінде қарастырылған қаржыға сауықтырамыз деп отырмыз.