«Қазақстан балалары» ұлттық науқаны басталды
Елімізде «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны басталды.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы бейнежолдама жариялады. Министр алдағы халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Отбасы – тәрбие бастауы!» ұранымен онкүндік басталғанын жеткізді. Президентіміз балалардың сапалы білім алуы мен тәрбиесіне мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі маңызды екенін үнемі айтып келеді. Социологиялық зерттеулерге сәйкес, азаматтардың 90%-ы ата-ана болуды өміріндегі ең маңызды құндылық деп санайды. Ал 85 пайызы ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті отбасылық әл-ауқаттың негізгі шарты ретінде көреді, деді министр. Сондай-ақ мемлекет әр бала тек үйде ғана емес, қоғамда да қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөленуі үшін барлық жағдайды жасап келеді. Бұл бағытта Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне маңызды міндеттер жүктелген. Мәселен, Ұлттық комиссияның «One-Stop-Service» жобасы аясында балаларға қатысты сексуалды зорлық-зомбылық оқиғаларын қамтитын 50-ге жуық қылмыстық іс қаралып, 700-ден астам әйел мен балаға жедел көмек көрсетілді. Ал шалғайдағы тұрғындарға қызмет ететін «Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңнан астам азаматты қамтыды. Аида Балаева әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан барша ата-аналарды балаларының қызығушылықтары мен мұқтаждықтарына көбірек көңіл бөлуге шақырды.
ЦИТАТА:
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
Мемлекет басшысы төрағалық еткен Үшінші Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаға сәйкес, Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бұл бағдарлама еліміздегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін тұтас ұлттық жүйе болмақ. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі бала тәрбиелеуге бағытталған отандық және үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген «Ата-ана академиясы» жобасын іске қосты. Жақын арада арнайы онлайн платформа іске қосылады.