«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа мамандық пайда болды

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Маңғыстау облысында «Электрмен қамтамасыз ету» құзыреттілігі бойынша жаңа мамандық пайда болды.

Соған орай энергетикалық колледждің бір топ студенті мен оқытушылары Еуропада тағылымдамадан өтіп келді. Бұл туралы Ақтауда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Танымдық шараға еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызмет-керлері қатысып, шетелдік ғалымдар онлайн режимде атсалысты. Мамандар энергияның балама көздерін табу жөніндегі ғылыми жобасымен таныстырып, өзара тәжірибе алмасты. Қазір аймақта баламалы қуат көзін алу бағытында бірнеше жоба жүзеге асуда. Мәселен, Шетпеде қуаты 20 мегаваттық күн электр станциясы бой көтеріп келеді. Ал Жаңаөзенде күн, жел және газбен жұмыс істейтін гибридті станция салынып жатыр.

Жәния Сармурзина, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

«Жұмысшы мамандықтар жылы» - біз үшін жаңа серпін берді, жаңа мамандықтар ашу, құзыреттілік орталықтарын ашуға. Қандай кадр керек, өндіріс орындарына, өндіріс ошақтарына. Біз қалай дайындауымыз керек? Қазіргі бізде экономиканың қарқынды дамуы, оның ішінде энергетика саласы нағыз трансформацияда тұр деп айта аламын. Себебі біз жаңа энергия көздерін іздеп жатырмыз.