Биыл елордада 1,1 млн жасыл желек егіледі
Оның ішінде 65 мың ағаш, 800 мың бұта бар. Сондай-ақ 220 мың түп көп жылдық, ал 80 мың шаршы метр жерге маусымдық гүлдер егіледі.
Жайқалып өскен тал, жайыла төселген жасыл желек Астананың ажарын ашып, әсемдік сыйлап тұр.
Дегемен оны егіп, маусым бойына баптап, күтім көрсету оңай шаруа емес.
Бұл – бас қаладағы бағбандардың бірі Құралай Мұхитова. Он жылдан бері қала көшелеріне гүл егіп жүр. Әр гүлдің атауын жатқа білетін маман, қайсына қандай күтім керегін жақсы біледі.
Құралай Мұхитова, бағбан:
- Мұнда гүлдердің оннан артық түрі бар. Тіпті одан да көп болады. Жалпы егетіндеріміз – тагетес, алиссум, агератум, питуния. Одан басқа фигураларды жасайтын шөптерді егеміз. Айта берсеңіз, мұндай көп. Оларды баптап, қоректенетін қорегімен қоректендіріп, белгілі бір температурада баптап өсіріп, оларды Астана күніне қарсы қалаға әсемдеуге жібере бастаймыз.
Бұл жылыжайда Құралаймен қатар 41 бағбан қызмет етеді. Олар биыл 14 мың шаршы метр аумақта 1,6 млн түп гүл дайындады. Бұл гүл көшеттері қазір қала көшелеріне егіліп жатыр. Дегенмен жұмыс мұнымен бітпейді. Күз келіп, салқын түскенше гүлдерді суару, күтім көрсету де бағбандардың мойнында.
Марат Әбілдин, компанияның бас агрономы:
- Әкімшіліктің тапсырысы бойынша нысанға отырғызылады. Сол жерде қарайтын жұмысшылар бар. Күнделікті суарады. Зиянкестерден қорғап, химияларды қолданып, шашып қорғайды. Тыңайтқыштар себеді, арамшөптерін жұлады. Кезең аяқталып, күтіп баптап отырады.
Қазір қалада 92 гектар аумақты Ботаникалық бақ алып жатыр. Бұдан бөлек 396 гектарда 9 саябақ орналасқан. Сонымен қатар 30 гектарды қамтыған 4 бульвар мен 132 гектарды жайқалтып, сәніне сән қосқан 90 гүлзар бар.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы