Астанада вандализмге қарсы акция өтті
Астанада жыл басынан бері вандализм бойынша 50-ден аса адам қамауға алынды.
Тағы 80 тұрғын әкімшілік жауапқа тартылған. Қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандардың жолын кесу мақсатында бас қала билігі вандалдарға қарсы күресті күшейтіп отыр. Тәртіп сақшылары, еріктілер мен белсенді жастар бастаған жұмыс тобы профилактикалық рейд жүргізді.
Аялдамаларда сынған әйнек, қираған орындық, ретсіз орналастырылған жарнама парақтарын жиі көзіміз шалады. Өкінішті, бірақ қазір қоғам меншігіне немқұрайлы қарайтындар көбейіп барады. Демалыс орындардағы нысандарды қасақана қиратып, бүлдіріп жүретін бұзақыларға шектеу қою мәселесін президент ұдайы айтып келеді. Бас қала билігі де вандализмге қарсы күресті назардан тыс қалдырмаған. Бұл жолы да "Заң және тәртіп" қағидаты аясында "Тоқта, вандал!" акциясы ұйымдастырылып, азаматтарға үндеу айтылды.
Дамир Хисматуллин, Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
- Біз вандализмге қарсы шараны ұдайы жүргізіп отырамыз. Азаматтарға түсіндіру жұмыстары, алдын алу шаралары атқарылады. Жыл басынан бері Сарыарқа ауданы бойынша бөтеннің мүлкін бүлдіргені және жойғаны үшін 14 факт анықталып отыр. Бұлардың барлығы да жауапкершілікке тартылды. 15 АЕК дейін айыппұл салынғандары да бар.
«Тоқта, вандал!» акциясы ортақ нысандарды сақтауға үндейді. Мақсат - қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеу. Рейд барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қала белсенділері мен ерікті жастар адам көп шоғырланған орындарды тазартып, көше жарнамаларын жойды.
Асылхан Төлепов, музыкалық жас көрермен театрының актері:
- Бүгінде міне Астана қаласы бойынша вандализмге қарсы күресу рейді жүріп жатыр. Мұндай рейд жиі-жиі болады. Бұның өтуі жақсы, өйткені қоғамдағы тазалық әрі тәртіпті сақтау өзімізден басталуы керек.
Камшат Мухамеджан