Орман өрті: Шығыс Қазақстанда оқу-жаттығу жиыны өтті

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары орман өртінің алдын алу шараларын пысықтады, деп хабарлайды 24KZ. Олар десанттармен бірге Алтай тауларының бөктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Мамандар 150 гектар аумақты шарпыған өртті сөндіріп, техниканың дайындығын тексерді. Бұл шараға тікұшақ та тартылды.

Қазір өңірде күн ысып, өрт қаупі жоғарылады. Осыған байланысты құрылған жедел әрекет ету топтары 3 млн гектарға жуық орман алқабын бақылауға алды.

Фархат Әміре, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Біз қауіпті кезеңге барынша дайын болуымыз керек. Қазір тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін жеке құрамның дайындығын тексердік. Биыл олар 40 техникамен толықты. Сонымен қатар құтқарушыларға керек құралдар берілді.