Атырауда 150 орындық оңалту орталығы салынып жатыр
Атырауда заманауи оңалту орталығы салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Мүгедектігі бар жандарға арналған 150 орындық реабилитациялық нысан маусым айының соңына дейін тапсырылады. Қазір ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Сондай-ақ құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Жалпы облыс бойынша мүгедектігі бар 26 мыңнан аса адам тіркелген. Оның 4500-ден астамы бала. Заманауи құрылғылармен жабдықталатын орталық ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғамға бейімделіп, денсаулығын жақсартуына мүмкіндік береді. Онда 100-ге тарта маман қызмет көрсетеді деп жоспарланған.
Ернар Қадырбай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
- Оңалту орталығының басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту. Оңалту орталығының жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес 9 млрд 470 млн теңге қаражатты құрайды. Оңалту орталығының құрылыс жұмыстары 2023 жылдың шілде айында басталды. Ағымдағы жылы, яғни, 2025 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр.