Түркістанда «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті

Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Жетекші адвокаттар мен заңгерлер, мемлекеттік органдардың басшылары 300-ден астам қала тұрғынына тегін заңгерлік кеңес берді. «Ашық есік» форматында өткен жиында қала тұрғындары жер алу, тұрғын үй салу, алимент төлеу, жол төсеу, жарық тарту, инфрақұрылыммен қамту, білім беру және жұмысқа орналастыру сияқты өзекті мәселелер бойынша мамандардың көмегіне жүгінді. Акцияны ұйымдастырушылар көптеген азаматтар заңды жақсы білмегендіктен, өз құқығын толық пайдалана аймайтынын айтады. Ал, өткен жылы облыс аумағында 2 мыңнан астам адам тегін заңгерлік көмекке жүгінген.

Бибігүл Асқарбаева, қала тұрғыны:

- Мен жаңа қаланың, «Отырар» тұрғын үй кешенінің тұрғынымын. Бізде аялдама жоқ. Бұл біз үшін өте өзекті мәселе. Себебі жұмысқа бару үшін 1-2 шақырым жүріп, 32-ші көшедегі аялдамаға баруымызға тура келеді. Бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар екен. «Шешіп береміз», - деді. Мен өте қатты қуанып отырмын. Бұндай жиында тұрғындарға жиі өтіп тұру керек.

Мұхит Тұрғараев, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары:

- Халық көп адвокаттарға тегін заң көмегіне жүгінуге болатынын біле бермейді. Біздің Әділет депаратментіне әр жыл сайын осыған бюджеттен қаражат бөлінеді. Ол қаражатты біз адвокаттарға әр құқықтық көмек көрсеткеніне бөліп отырамыз. Сондықтан халық осыны біліп, бүгінгі акцияға келіп, өзінің заңдық көмегін алып кетуі керек деп ойлаймын.