Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды

Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды. Ресми статистика бойынша аймақта денсаулық сақтауда 39, білім беру саласында 31 жемқорлық фактілері анықталған. Бұл туралы көшпелі отырыста «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы мәлімдеді.

Соңғы екі жылда шаһарда бұл бағытта 270 қылмыс тіркелген. Оның 195-і пара алу, 67-сі ұрлық және 5-еуі қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері. Жалпы залал сомасы 7,4 млрд теңгені құрап, оның 5,9 миллиарды мемлекетке қайтарылған. 

Ерлан Сайыров, «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы:

- Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде Шымкент қаласында оң динамиканың бар екендігін айту керек. Бүгінгі таңда Шымкентте құрылыс саласында, басқа да бизнес саласында ашықтық пайда болған. Яғни конкурстардың барлығы ашық болады. Осы арада жұмыс істеп жүрген фирмалардың барлығы, Шымкент әкімшілігінде халыққа қызмет көрсеткен қор көмектесіп, басқа мәселелердің барлығы балдық жүйемен жүріп жатыр.