Жетісу жұртшылығы ақын І. Жансүгіровтің рухына тағзым етті
Жетісу жұртшылығы ақын Ілияс Жансүгіровтің рухына тағзым етті. Алаш қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ілиястанушылар тау тұлғаның өмірбаянына тоқталып, қазақ әдебиетінің негізін қалауға қосқан өлшеусіз еңбегін атап өтті. Ақсу ауданында дүниеге келген әмбебеп дарын иесі поэзия, драматургия, проза, аударма, журналистика саласында жемісті еңбек еткен. Қазақстан жазушылар одағының тұңғыш төрағасы болды. Оның шығармалары халқымыздың классикалық туындыларына жатады. Әсіресе «Құлагер» поэмасының шоқтығы биік. Ақынның тағдыры да өзі жырлаған сәйгүліктің өміріндей орта жолдан үзілген. 1937 жылы 13 тамызда ұсталып, алты айдан соң жазықсыз ату жазасына кесілген. 43 жылдық ғұмырында қалдырған мол мұрасы күні бүгінге дейін зерттеліп жатыр.
Мирас Сейітқұл, студент:
- Ілияс Жансүгіров атындағы қара шаңырағымызда саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу кеші ұйымдастырылып жатыр. Кешегі арыстарымыздың арқасында бүгінгі Тәуелсіздігімізге қалай жеткенімізді сол тарихымыздан көруімізге болады.
Мұрат Иманғазинов, ілиястанушы, профессор:
- Қазіргі күнге дейін табылған 18 поэмасы бар. 1 романы бар. 200-ге тарта прозалық шығармалары бар. Көптеген лирикасы бар. Қазіргі уақытта ол кісінің жан-жаққа шашырап кеткен еңбектерін анау Ресейде Орынборда, Қазанда болған уақыттарда тауып, халқымызға тапсырып жатқан жайымыз бар.