Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Өткенімізді білмей болашаққа қадам баса алмаймыз.
Елдің бастан кешкен тауқыметін ұмытпай, оған құрметпен қарау әрбір азаматтың парызы. Алматыда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына жиналғандар осылай деді. Қарағайлы саябағында өткен басқосуға мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, жастар ұйымдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар бір минут үнсіздік жариялап, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Айта кетейік, мұндағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш 2017 жылы ашылған. Содан бері 31 мамырда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтіп тұрады.
Бауыржан Иманғалиев, қалалық саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандары қауымдастығының төрағасы:
- Репрессия болып жатқан кезде ондаған басқа ұлттың ұлыстары мен этностары жаппай жер аударылды. Оларға қазақ пана болды. Оларды бауырына басып, барын бөліп берді. Олар оны еш уақытта ұмытпайды. Еліміздің біраз жерінде қазақ халқына мың тағзым деген монументтер орнатылған. Бұл қазақ халқының риясыз көңілі, қонақжайлығының куәсі деп ойлаймын.