Қарағанды облысында 4 жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі

Қарағанды облысында биыл 4 дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Тұрғындар үшін бұл көптен күткен қуаныш. Енді жастар заманауи үлгіде жабдықталған ғимараттарда жаттығатын болды. Жұмыс істеп тұрған спорт нысандары да жаңғыртылуда. Мысалы Қарқаралы ауданындағы ең үлкен стадион күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал Шет ауданының Талды ауылындағы футбол алаңы 60 жылдан соң жаңаша қалыпқа келді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Талды ауылындағы мына футбол алаңы өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға берілген. Содан бері алғаш рет абаттандырылды. Көлемі 6 мың шаршы метр жерге жасыл кілем төселді.

Нұрхат Мұқашов, Талды ауылының тұрғыны:

- Бұрын біз қара жерде, жарық жоқ жерде ойнайтынбыз. Қазір міне, жасыл алаңда, жарығы бар жерде ойнаймыз. Футбол алаңын төсегені бізге өте жақсы болды. Балалар күнде футбол ойнайды, кешке осында барлық балалар жиналады.

Мұндағы волейбол, баскетбол алаңдары да қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ дене шынықтырумен айналысатын жабдықтар да орнатылған.

Асхат Әубәкіров, жаттықтырушы:

- Кезінде осы қараңғы жерде ойнағанбыз. Қазір енді жасыл кілем төсегелі жастардың спортқа деген ынталары артып, біраз өздерінің денсаулықтарын шыңдап, спортқа деген талабы артты. Балаларымызды жарыстарға апарып жатырмыз, облыстан, республикадан орын алып жатыр.

Жалпы Шет ауданында 40 мыңға жуық халық тұрады. Соның 14 мыңы салауатты өмір салтын ұстанады. Аудан бойынша 103 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда облыс халқын бұқаралық спортқа тартуға басымдылық беріліп отыр. Қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де заманауи спорт нысандары салынып жатыр.

Серік Сәпиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Облыс бойынша ауылдық  жерлерде біртіндеп дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынып жатыр. Былтыр 4 нысан пайдалануға берілді. Биыл 4 елді мекенде құрылысы басталды. Оларға жаттықтырушыларды, спорт нұсқаушыларды жұмысқа қабылдаймыз.

Қазір Қарқаралы ауданындағы үлкен стадион күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал облыс орталығында жақында жаңа футбол академиясы ғимаратының  құрылысы басталады. Жалпы облыста 1 миллион 300 мыңға жуық адам тұрады. Өңір халқының 39%-і спортпен шұғылданады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит