Сәтбаев қаласының жылу желісі жаңартылып жатыр

Сәтбаев қаласының жылу желілерін жөндеуге республика қазынасынан 10 млрд теңге бөлінді.

Бұл қаржыға қалаға жылу жеткізетін 4 магистраль құбырдың екеуі жаңғыртылады.

Бұдан бөлек шаһардағы жылу энергетика кәсіпорнын қысқы маусымға дайындау мақсатында 1,5 млрд теңге инвестиция тартылды. 

Сәтбаев қаласында магистралдық желілер шамамен 50 жыл бұрын қолданысқа берілген. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Соңғы рет 10 жыл бұрын ішінара жөндеуден өткен. Қазір құбыр жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер ұйым 2 шақырымға жуық желіні ауыстырып үлгерді. Мамандар жаңадан салынатын құбырлардың жылу сақтағыш қасиеті жоғары дейді. 

Мирас Кокшин, Сәтбаев қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінгі күні Сәтбаев қаласы бойынша жылу желілерінің тозуы 60 пайызды құрайды. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 2 паызға төмендеп, 58 пайызды құрайтын болады. аталған жұмысты аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйек айының басына жоспарланған. Жұмыстар аяқталғаннан кейін қаламыздың тұрғын үйлері мен нысандарына жылу қуаттылығы 60 пайызға артатын болады.

Жаңғырту жұмыстары республикалық бюджет  есебінен жүзеге асуда. 10 шақырымнан астам желіні ауыстыруға 10 млрд теңге бөлінді.  Бұдан бөлек қала қазынасынан орамішілік құбырларды жөндеуге 300 млн теңге бағытталып отыр. Ал жылу беретін қазандықты қысқы маусымға дайындау меншік иесінің міндеті. Қазір ондағы 4 қазандықтың екеуі күрделі жөндеуге қойылды. Сонымен қатар қоршаған ортаға тарайтын шығарындыларды азайту мақсатында қазандықтарға сүзгі орнатылады.

Сәкен Қожабаев, жылу энергетика кәсіпорынының директоры:

- 3 қазандықта эмульгаторларды орнату жұмыстары басталып отыр. Ол эмульгаторлар екінші типті эмульгаторлар. Келесі жылу маусымына 98 пайызға дейін газдарды тазалау мүмкіндігін береді. 

Жыл санап қаланың аумағы өсіп келеді. Тиісінше жылу қазандығына түсетін салмақ та артып отыр. Сондықтан жергілікті әкімдік жеке секторда орналасқан 3 мыңға жуық тұрғын үйді көгілдір отынға қосуға ниетті.  Жобаны жүзеге асыру алдағы жылдарға жоспарланып отыр.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева