Іле Алатауындағы гидрологиялық бекеттерге капсула үйлер қойылды
Бұл баспаналар биік таулы аймаққа арналып жасалған, деп хабарлайды 24kz.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша, бірегей жоба Сел қауіпсіздігінің ұлттық жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Капсула үйлер елімізде алғаш болып, Түрген және Үлкен Алматы өзендерінің бойында орналасқан екі гидробекетке орнатылды.
Тау өзендеріндегі су деңгейін бақылайтын қызметкерлер мұнда қысы-жазы болады. Тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Олар бұған дейін ескі үйлерде тұрған. Ал жаңа капсула үйлер заманға сай жасалған. Аумағы – 24 шаршы метр. Ішінде жұмыс істейтін орын, жатын және жуынатын бөлмесі бар. Ал, жылу мен жарық автономды түрде беріледі. Қыста жылы, жазда салқын.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Алғаш рет осындай форматта бекеттеріміз ашылып жатыр. Қазселденқорғау мекемесі бойынша. Бұған бізге мүмкіндік берген бизнес өкілдері. Бірінші қадам осы жақын арадағы жаз мезгілінде, күзде және қыста қараймыз. Қалай болады біздің қызметкерлер тарапынан, олардың ой-пікірін естіп, ары қайрай қай жолмен жүретініміз туралы шешім қабылдайтын боламыз.
Жалпы елімізде «Қазселденқорғау» мекемесі бойынша 37 бекет бар. Көбісі ескірген. Капсула үйлер алғаш болып, Алматы облысындағы Батан және Алматы қаласына қарасты Құмбел гидробекетіне қойылды.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Құмбел – Іле Алатауы баурайындағы сел қаупі жоғары өзендердің бірі. Бұл жерде бұған дейін бірнеше рет тасқын жүрген. Сондықтан жіті қадағалауды қажет етеді.
15 маусымда сел қаупі жоғары кезең басталады. Күн ысып, өзең деңгейі көтеріледі. Сондықтан «Қазселденқорғау» мекемесі сонау қара күзге дейін бақылауды күшейтеді.
Ерболат Садырбаев, «Қазселденқорғау» ММ басшысы:
- Бүгінгі таңда 27 мореналық көлдеріміз қауіп төндіріп тұр. Соның ішінде ең жоғары қаупі бар 15 мореналық өзенде примитивтік жұмыстар болады. Бүгінгі таңда әріптестеріміз жалпы дайын. Қажетті материалдарымыз бар. Жабдықталған. Осыған орай жұмыстарымыз жалғасатын болады.
Әрбір бекетке күнделікті екі адам кезекшілікке түседі. Олар қалт еткен өзгерісті орталық аппаратқа жеткізіп отырады.
Ұлан Жұмаев, «Қазселденқорғау» ММ Үлкен Алматы өндірістік пайдалану бөлімінің басшысы:
- Осы кезеңдерде таудың басынан күніне 3 рет мәлімет беріп отырады. Осындай 20 бекет бар. 20 бекеттен орталық аппаратқа мәлімет беріп отырады. Күніне 3 уақыт. Осы бекеттен Үлкен Алматы өзенінің осы бекетіне келіп тұратынбыз. Судың деңгейін, өтімін бақылау үшін келіп тұратынбыз. Енді күнімен-түнімен бақылау жүрігізетін боламыз.
Гидробекеттен бөлек, республика бойынша 150-ге жуық сейсмикалық бекет бар. Қазір инновациялық модульдерді енгізу пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Тиімділігін көрсетсе, еліміздегі биік таулы жерде орналасқан басқа бекеттерге де осындай капсула үйлер орнату жоспарланған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев