Көкшетауда жаңа жағалау ашылды

Ауқымды жоба «Казцинк» компаниясының қажыландыруымен небәрі 8 ай ішінде іске асты, деп хабарлайды 24kz.

Жағалаудың жалпы ұзындығы алты шақырымнан асады. Жаңа демалыс орнында скейтпарк, амфитеатр мен түрлі ойын алаңдары бар.

Қопа көлінің жағасында салынған жаңа жағалау үш бөліктен тұрады. Яғни, орталығында велосипед жолы мен демалыс алаңдары қарастырылған. Ал, шығыс бөлігінде памп-трек пен ойын алаңдары болса, батыс бөлігінде жаңа амфитеатр мен тамақтану орындары бар. «Қаланың көркін аша түскен жағалау енді біздің сүйікті демалыс орнымызға айналады», - дейді шаһар тұрғындары.

Темірлан Аязбаев, қала тұрғыны:

- Өте керемет. Қазір жастар спортпен көп шұғылданады ғой. Көптеген спорттық алаңдар бар. Кешке жақын керемет. Өте әдемі.

Мадина Кенжебекова, қала тұрғыны:

- Жергілікті тұрғындарға осындай жағдай жасалып жатқанына өте қуаныштымыз. Жағалауда кешкі серуендеуге де, балаларға да жағдай жасалып жатыр. Ойын-сауық алаңдары ашылып жатыр. «Казцинк» кәсіпорны жағалаудың құрылыс жұмыстарына 2 миллиардтан астам теңге қарастырған. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды.

Жанат Жанботин, «Казцинк» компаниясының бас директоры:

- Бұл біз үшін тек әлеуметтік жауапкершілік қана емес, осы қалаға, балғындарға жасаған үлкен сыйымыз. Біз елді мекендерде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шараларды дәстүрлі түрде қолдаймыз. Бұл жағалау серуендеуге, кездесулерге және отбасылық демалыс күндеріне арналған тамаша орын болатынына сенімдімін. Біз үшін әлеуметтік жобаларды инвестициялау қазақстандықтардың өмірі үшін неғұрлым қолайлы, қауіпсіз жағдайларды қалыптастыруда маңызды міндет болып табылады.

Айта кету керек, былтыр «Казцинк»  компаниясы Қопа көлінің бойындағы жаңа айналма жолды салуға және абаттандыруға да қомақты қаржы бөлді. Енді олар облыс орталығында 900 орындық жаңа мектеп салуды көздеп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный