Қазақстанда толыққанды аумақтық қорғаныс жүйесі құрылады
Қазақстанда толыққанды аумақтық қорғаныс жүйесі құрылады.
Сенат депутаттары бүгін аумақтық қорғаныс туралы заңды мақұлдады. Құжат төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни аумақтық қорғаныстың мақсат-міндеттері мемлекеттің қорғаныс жүйесінде бөлек сала ретінде қарастырылады. Сондай-ақ заңға "Ерікті" және "Өзін өзі қорғауды қалыптастыру" сияқты негізгі ұғымдар енгізілді. Әрі қорғаныс күштердің құрамы мен жұмыс істеу тәртібін реттейтін "Аумақтық қорғаныс күштері" деген жеке тарау қарастырылған. Аумақтық қорғаныс құрамына аумақтық әскерлер, құқық қорғау органдарының күштері, арнайы құрылымдар мен еріктілер кіреді. Оларды мемлекет қауіп төнген жағдайда азаматтар мен ұйымдардың ғимараттарын, техникасын және өзге де мүлкін нарықтық құны бойынша өтемақы төлей отырып тарта алады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мақұлданған заңдар мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру және осы саладағы қоғамдық қатынастарды заңнамалық деңгейде реттеу мақсатымен әзірленген. Жаңа заңда аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеттері және қағидаттары мен іс-шаралары айқындалды. Аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыруға жауапты барлық тараптың міндеттері мен құзыреттері де белгіленді. Сондай-ақ саланы мемлекеттік бақылау жүйесі жан-жақты реттеліп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар аумақтық қорғаныс жүйесінің әлеуетін күшейтуге және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.