Атырау дәрігерлері жеңілдетілген несие бағдарламасына өтініш бере бастады

Атыраулық дәрігерлер үшін жеңілдетілген несие бағдарламасына өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды 24KZ. Өңірдегі медициналық білімі бар мамандар осы бағдарлама арқылы баспаналы бола алады. Жаңа жоба денсаулық сақтау саласына білікті кадрлар тартуға бағытталған. Былтыр төмен пайызды ипотека арқасында 40 дәрігер үйлі болды.

Наргүл Ғайнетова №2 қалалық емханада терапевт боп істейді. Ол былтыр жеңілдетілген несие бағдарламасымен баспаналы болды. Жұбайы да дәрігер. Бұған дейін екеуі пәтер жалдап тұрған.

Наргүл Ғайнетова, №2 қалалық емхананың терапевт-дәрігері:

- Медициналық білімі бар дәрігерлерге арналған бағдарлама болды. Бірақ соның ішінде акушер-гинеколог, реаниматолог, хирург сияқты мамандарға басымдық берілді. Енді менің жолдасым, жаңа айтқандай, реаниматолог болғандықтан, біздің екеуміздің де дәрігер болғандығымыз және 2 балалы ата-аналар ретінде бізге кішкене жеңілдіктер қарастырылды. Сондай жеңілдіктер арқылы біздер таңдалдық. Әрине, бұл жас отбасылар үшін үлкен көмек болды.

Былтыр дәрігерлер бағасы 25 млн теңгеге дейін үйді алғашқы жарнасыз 5% мөлшерлемемен алған. Соның арқасында 40-тан аса отбасы үйлі болды. Ал биыл бағдарламаға өзгеріс енгізіліп, алғашқы жарна көлемі 10% боп бекітілді. Қазір өтінім қабылдау басталды.

Қайсар Әбдәлиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- 2024 жылдан бастап «Отбасы банкпен» бірлесіп, дәрігерлерге республикада алғаш рет осындай несие бағдарламасын іске асырдық. Бұл бағдарламаға Атырау облысының мемлекеттік медицина ұйымында қызмет ететін дәрігергер қатыса алады. Егер қандай да бір ғылыми атағы болған жағдайда, тәжірибе өтілі болса, одан бөлек, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, яғни біздің өңірге аса тапшы мамандардың иелеріне басымдық береміз.

Өңірде балалар невропотологы, балалар кардиологы мен нефрологтарға да сұраныс жоғары. Биыл осы мамандарға басымдық берілмек. Бағдарлама үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген. Осыған сәйкес биыл 60 дәрігер баспаналы болады жоспарланған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин