Ақтөбеде облыстық ҚХА ХХVIIІ сессиясы өтті
Ақтөбеде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 28-ші сессиясы өтті. Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен алқалы жиын ұйымның 30 жылдық мерейтойына орайластырылды. Шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-ші сессиясында белгіленген тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін орындау мәселесі талқыланды.
Ақтөбе облысында 17 этномәдени бірлестік бар. Түрлі қоғамдық шараны дөңгелетіп жүрген мыңнан астам белсенді мүшесі бар. Өңірге танымал 20-ға жуық шығармашылық ұжым Достық үйі шаңырағы астында құрылды. Олардың алдағы күнге жоспары Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 28-ші облыстық сессиясында талқыланды.
Әлібек Байнешов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
- Этностардың мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет ғұрыптары мен өнерін кеңінен таныстыра отырып, татулық пен достық құндылықтарын насихаттау жұмыстары жалғасын табады. Осы бағытта Мемлекет басшысының ҚХА 34-ші сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында облыстық деңгейде жол картасы бекітілді.
Татулық мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жол картасында негізгі 13 жоба бекітілген. «Біртұтас қоғам: келісім мен сенім», «Адал азамат», «Салауатты сана», «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» сияқты бастамалар облыстық басқармалардың, әкімдіктерінің қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жоспарына енгізілді.
Марғұлан Нұрмағамбетов, облыстық ҚХА қоғамдық келісім бөлімінің басшысы:
- Сессияның басты мақсаты – бұл ауызбіршілікті, толенранттылықты сақтау. Бұл енді қазір әлемде болып жатқан неше түрлі оқиғаларды болдыртпау және идеологияны дамыту. Өзіміздің еліміздің идеологиясын дамыту.
Қазақстан халқы Ассамблеясы достық пен ынтымақтастықты нығайтумен қатар жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау, сондай-ақ этностардың мәдениеті мен өнерін дәріптеуге көңіл бөледі. Бұл мақсатта Ассамблеясының облыстық филиалы ғимараты өңірдің туристік картасына енгізілмек.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдағалиев