Алматылықтар Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатыр

Құрбан айтта сауапты іс жасап, мұқтаж жандарға қол ұшын берген абзал. Жанашыр, бауырмал болып, ізгілікке ұмтылған дұрыс. Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан халықты осындай ізгі амалдар жасауға шақырды.

Бүгін мегополистегі барлық мешітте Айт намазы оқылды. Құлшылық үйіне жақын жерде құрбан шалатын 12 арнаулы орын ашылды. Діни шаралардан бөлек, мерекелік бағдарлама жоспарланған. Ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өтіп, мықтылар жүлдеге ие болды. Сонымен қатар мешіт қызметкерлері балалар үйіне барып, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстап, оларды Айт мерекесімен құттықтайды. Айт мерекесі өркениетке ұмтылу, қоршаған ортаға қамқорлық, тазалық, адалдық, жауапкершілік пен ұлтаралық татулық сияқты адами құндылықтарды насихаттайды. 

Төлеби Оспан, Алматы қаласының бас имамы:

- Айт дастарқанынан дәм тату арқылы адамдар арасындағы ізгілік, бір-бірін түсінуі, ынтымағы насихатталады.

Жомарт Қасымбеков, қала тұрғыны:     

- Ұлттық спорт: асық ату, бұқа тартыс, қол күрес, сосын қой көтеру түрлерінен жарыс өткіздік. Құрбан айт мерекесі тек қана құрбан шалумен ғана шектелмейді. Бір-бірімізге ізеттілікті, сосын қайырымдылықты насихаттайды.