АЭС салатын компания 1 шілдеге дейін анықталады
Қазақстанда АЭС салатын консорциум 1 шілдеге дейін анықталады.
"Қазақстанның атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Ернат Бердіғұлов үміткерлерді іріктеу қалай жүргізілетінін айтып береді. Вендорды таңдау төрт кезеңнен тұрды. Француздық Assystem компаниясы бекіткен талаптар бойынша шорт-листке 4 мекеме енді. Олар Қытайдың CNNC; Ресейдің "Росатом", Оңтүстік Кореяның "KHNP" корпорациялары және Францияның "EDF" компаниясы. Іріктеуге сай шорт-листке енген компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, қосымша ақпарат алынады. Кейін олардың ұсыныстарын бағалап, шешім қабылдайды. Басты талап - қауіпсіздік. Компаниялар заманауи III+ буын реакторлары бар лицензияланған технологияларды ұсынады. Ернат Бердіғұловтың айтуынша, АЭС іс жүзінде атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Ал оны салатын мекеменің ұсынатын технологиясы ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес болуы керек. Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Айта кетейік, тізімге енген компаниялардың ұсынымдарын Атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Энергетикалық кеңес қарастырады.