Әлеуметтік желілерде жасөспірімдерге арналған  аккаунттар енгізілуі мүмкін

Қазақстандық жаспөспірімдердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инстаграмда арнайы аккаунттар енгізу ұсынылып отыр.

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен жиында Meta компаниясы жаңа әдістерді таныстырды. Мамандардың айтуынша, мұндай аккаунтқа жазылмаған адамдар баланың жеке контентін көре алмайды және оған хабарлама жібере алмайды. Өз кезегінде платформа жасөспірімнің өзі тіркелмеген парақшалардың жарнамасын ұсынбайды. Сонымен қатар желіні күніне бір сағат қолданған соң жасөспірімге гаджеттен шығу туралы хабарланады. 16 жасқа толған балалар бұл шектеу мерзімін ұзарта алады, ал одан кіші балалар үшін ата-анасының рұқсаты қажет. Ал түнгі сағат 10-нан таңғы 7-ге дейін барлық хабарламаға тосқауыл қойылып, «Ұйқы режимі» функциясы қосылады. Ата-аналар балалармен хат алмасқан аккаунттарды көре алады, бірақ хабарлама мазмұнын оқи алмайды. 

Айша Нұрұш, оқушы:

- Ата-анамыз айтады: «ұйықта, телефонды таста». Ата-ананы тыңдау қажет. Себебі бұл жағдайда негізі өзіңе пайдасын алып келеді. Денсаулығына да, бөгде адамдармен қатынаста да әсер етеді. 

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Статистикаға жүгінсек, (балалардың) 15 пайызы жағымсыз контенттерге ие болады екен. Соның ішінде балалардың 60-70 пайызы әртүрлі достар тауып алып жатады. Ол достардың ішінде жасына сәйкес келетіндері бар, келмейтіндері бар. Осы мәселеге Мета компаниясының бірігіп, ҚР аумағында балалардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз етудің қандай мүмкіндіктері бар, сонымен қатар балалардың интернет сауаттылығын көтеру мәселелері талқыланып жатыр.