БҚО-да жүздеген киік өзенге батып кеткен
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында соңғы екі аптада 800-ден астам киік суға кеткен, деп хабарлайды 24KZ. Өткен демалыс күндері 300-дей ақбөкен өзеннен жүзіп өтпек болғанда жарқабақтан көтеріле алмай қалған. Сарыөзенде қалқып жүрген киік өлекселері жиналып, судан шығарылды. Десе де шаруалар мал су ішіп жүрген өзеннің тазалығына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Сарыөзендегі киік өлекселерін өткен демалыс күндері Қараоба ауылының тұрғындары бірінші байқап, тиісті органдарға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай қызметі мамандары, «Бөкей Орда» резерваты мен «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері жануарларды жинап, судан шығарды. Тиісті сынама алынып, сараптамаға жіберді.
Арман Ізімғалиев, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы:
- Барлығы биылғы төлдер. Суға батқан себебі судан шыға алмай, төлдер суда қалып қойған. Төшкелер Қараоба ауылдық округінде өртеу әдісімен мал моласында жойылды. Белгілі алгоритм бар, сол алгоритмге сәйкес жойылды.
Былтыр Мұратсай су қоймасында 5 мыңдай киік кетсе, биыл да көктем туғалы мыңға жуық бөкен өзендерден өте алмай қырылған. Жергілікті тұрғындар киіктің далада да жайрап жатқанын айтады. «Кенеге таланып өлгендері де, айналшық ауруына шалдыққандары да көп», – дейді. «Көптігі сонша жазда шөп шабу мүмкін емес», – деп отыр.
Ескендір Елемесов, шаруа қожалығының басшысы:
- Жер-жерде толған өлік. Шөп шабайық десек, шөпті шапқанда, жинағанда жартысы – қураған киік сүйектері, өліктері. Ол сүйектерін жинайтын адам жоқ. Өліп жатқан таскене. Осы күннен бастап «купкіге» түсіріп жатырмыз. Тіпті жылқыда таскене болмайтын еді. Бір-екі жылдан бері сондай масқараға ұшырадық. Қойды, ірі қараны «купкіге» түсіреміз, енді жылқыны түсіріп жатырмыз.
Даладағы киік өлекселері әдетте елді мекендердің іргесіндегі мал молаларына тасылады. Күні бүгін Казталов ауданының ауылдарында арнайы орындар толып қалған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндірері даусыз.
Рашит Иманғалиев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары:
- Мал молаларына байланысты қиындықтар туындайды. Өйткені жаңағы далада орналасқан мал молалары жоқ. Көпшілігінің өлекселерін апарып, мал молаларына орналастыруға мәжбүр боламыз. Оған қаражат қаралмаған. Жалпы елді мекендерге аудандық бюджеттен өздеріне мал молаларын салуды бастап жатырмыз. Қазіргі таңда Тереңкөл ауылының аумағында тұрмыз. Соған биыл мал моласын салып, қаражатын қарастырып отырмыз.
Мамандар мал молаларын салумен қатар киік өлекселерін жою үшін инсенераторлар, яғни қалдықтарды өртеп залалсыздандыратын қондырғылар керектігін айтады. Әзірге жергілікті бюджетте оған қаржы қарастырылмаған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов