Ақтөбе облысында екі республикалық маңызы бар жол ақылы болды

Биыл Ақтөбе облысында екі республикалық маңызы бар жол ақылы болды.

Ресеймен байланыстыратын Ақтөбе – Орынбор бағытының облыс орталығынан шекараға дейінгі бөлігі және Қандыағаш – Атырау бағыттарымен жүретін жүк көліктері мен автобустар ақы төлеуге міндеттелді.

Алайда жүргізушілер балама тегін жолдың жоқтығына наразы.

Ақтөбе мен Ресейдің шекарасына дейінгі жол биылғы жылдың ақпан айынан бастап ақылы болды. Жүк көліктері мен жолаушылар автобусы 82 шақырым болатын бөлігімен жүріп өткені үшін өтемақы төлейді. Екі жолақты халықаралық маңызы бар бағыт соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен. Биыл 34 шақырымы қайтадан жаңғыртылып жатыр.

Айбол Данағұл, "Қазавтожол" ҰК АҚ ОФ директоры:

- Жолдың санаты екінші санатты болғандықтан тек қана жүк көліктеріне және қоғамдық көліктерге, яғни автобустарға ғана ақы алынады. Жеңіл көліктерге екі бағытта да ақы алынбайды. Көптеген тұрғындардан жергілікті сауалдар келіп түсіп жатыр. Сол тұрғылықты жердегі мекен жай анықтамасымен абонемент алуға мүмкіндіктері бар.

Жол ақысының құны автомобильдің салмағы мен автобустардағы жолаушылар санына қарай есептеледі. Мәселен, 32 орындық қоғамдық көлік иесі 1820 теңге төлеуі тиіс. Бұл сома 10 тоннаға дейін жүк тасымалдайтын ауыр көліктерге де бекітілген. 

Камалжан Қалмұратов, жүк көлігі жүргізушісі:

- Үйден шыққанда үйде нөлге қойған едім. Сарыағаштан келгеніміз ғой. Үйден бастап қайтып баруыма 100 мың теңге болады. Енді жүз мың теңге не деген ақша? Жемей-ішпестен салып жатырмыз ғой. Төлемесек болмаса. пенясы ашып кетеді. көпейіп кетед. арестке қойып қояды. 

Ақтөбедегі бұл автовокзалдан Орынбор қаласына күніне 4-5 автобус шығады. Ағылып жатқан таксимен бәсекеге түсу оңай емес. Жол ақылы болғалы билет бағасын да көтеруге мәжбүр болған. Салдарынан санаулы жолаушы сирей түскен.

Асқар Әбілов, автовокзал директоры:

- Егер жолға ақша төлететін болса қасында, жақын жерде төлемейтін жол болу керек. Сол тегін жолмен жүреді ме, ақша төлеп жүреді ме оны перевозчиктер өзі шешеді. Біздерде қазір ақша төлейді, альтернатива жол жоқ. Барасың ба, бармайсың ба амал жоқ жүресің сол жолмен.

Жолға жауапты мекеме өкілдері Орынборға Ақтөбе-Орск бағыты арқылы айналма жолмен қатынауға болады дейді. Балама, тегін бағыты сол. Бірақ 200 шақырым артық жүруге тура келеді. Ақтөбе мен Атырау арасындағы Қандыағаш-Мақат ақылы учаскесін айналып өту үшін Орал қаласына бұрылып, Батыс Қазақстан облысы арқылы өтуге тура келеді. Ал жақын күндері ақылы жолдардың қатарына Ақтөбе - Қандыағаш бағыты да қосылмақ.  

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айнадин Молдабеков