Қызыл кітапқа енген Арал қаязы қолдан көбейтіліп жатыр
Арал ауданындағы уылдырық шайқау цехында сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген Арал қаязы өсіріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Мамандардың айтуынша, тұқы тұқымдасына жататын бұл балықты қолдан көбейтіп, табиғи таралу аймағына қайта енгізу көзделіп отыр. Биылғы маусымда 280 грамм уылдырық алынып, арнайы хауздарға жіберілген. Қазір ол уылдырық дернәсілге айналып, өсіп-жетілу кезеңінен сәтті өтіп жатыр. Жойылып кету қаупі бар Арал қаязының табиғи таралу аймағы – Арал теңізі. «Қазіргі таңда Қамбаш тоғанына осы балықтың 400 данасы жіберілді», - дейді сала мамандары. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мемлекет тарапынан Арал қаязын қолдан көбейтуге қатысты арнайы тапсырыс берілуі мүмкін. Сол себепті қазірден бастап дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Қылышбек Байбосынов, тоған бригадирі:
- 7-8 балық ұстап, екі балықтан уылдырық алып, бірінші дернәсілдері шығып, ванналарда өсіріп жатырмыз. Басқа балықтардан ерекшелігі – бұл балық әлі зерттелмеген. Өзімізше соны шаншып, уылдырық аламыз ба деп істеп жатырмыз. Бірақ келешекте мемлекеттен тапсырыс беруі мүмкін.