Павлодарда өрт сөндірушілерді даярлайтын оқу-жаттығу кешені іске қосылды

Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндірушілерге арналған заманауи оқу-жаттығу кешенімен толықты, деп хабарлайды 24kz.

«Жылу-түтін камерасы» құтқарушыларды даярлауға және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға көмектеседі. Мұнда өрт сөндірушілер түтін мен газ тараған ортада, сондай-ақ жоғары температура жағдайында оқшаулағыш тыныс алу аппараттарымен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар зардап шеккендерді іздеу мен эвакуациялау бойынша нақты тәжірибе жинақтайды. Кешен заманауи бейнебақылау жүйесімен, импульстік датчиктермен жабдықталған. Бұл құрылғылар құтқарушылардың жүрек соғысы мен қандағы оттегі деңгейін үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, өрт сөндірушілердің өмірі толық бақылауда болады.

Рустамбек Амрин, облыстық ТЖД бастығы:

- Бұл жүйе оларға төнетін қауіп-қатерді дер кезінде анықтауға және ықтимал тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, оттегіні шектен тыс тұтынған кезде немесе тыныс алу құрылғысы ауаға толып кеткен жағдайда не істеу керектігі нақты үйретіледі. Кешен құрамында осындай күрделі әрі қауіпті жағдайда жұмыс істеуге арналған көптеген арнайы элементтер бар.