Биік нысандар өрт қауіпсіздігі туралы қорытынды алуға міндетті
Биіктігі 28 метрден асатын көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілер алдында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды алуға міндетті.
Сенатта осыған қатысты жаңа заң қабылданды. Енді өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс және сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы жекелеген талаптар күшейтіледі. Қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту және техникалық тұрғыда қайта жарақтандыру міндетті болады. Сондай-ақ нысан иелері бұл жоспарды уақытылы орындауы қажет. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар да күшейтілді. Атап айтқанда, бұл қызметтерде арнайы техника, аппаратура және жабдықтар өз меншігінде болуы керек. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде құтқарушыларға үш еселенген өтемақы беріледі.
Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған түзетулер бөлігін жеке атап өткім келеді. Атап айтқанда, қызметкерлер мен олардың отбасыларына тұрғын үй жәрдемақысы, көтерме төлемдер және жеке мүлкін көшіру шығындарын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ әскери немесе төтенше жағдай кезінде, терроризмге қарсы операциялар немесе төтенше жағдай жарияланған аумақта апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қызметкерлерге үш есе мөлшерде ақшалай өтемақы төлеу көзделген.